22 Мамыр, 2015

Қазақстан-Нидерланд:  Ниеттестік пен ынтымақтастық

533 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов бастаған Мәжіліс депутаттарының делегациясы бір күндік сапармен Нидерланд Корольдігінде болды. Сапардың басты мақсаты – Қазақстанның кандидатурасын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшелігіне ұсыну. Қазақстан Президентінің Арнайы елшісі ретінде Мәжіліс Спикері Нидерланд Корольдігінің Премьер-министрі Марк Рюттеге Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне еліміздің кандидатурасын 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшелікке ұсынғанда қолдау білдіруін өтінген хатын табыстады. Сондай-ақ, Қ.Жақыпов БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына елімізді алған жағдайда Қазақстан қазіргі таңда өзекті болып отырған мәселелердің шешімін табуға күш салатынын атап өтті. Сонымен бірге, азық-түлік, су және энергетикалық қауіпсіздік пен ядролық таратпау мәселелерінде басымдық берілетінін ескертті. Сонымен қатар, Мәжіліс Төра­ғасы ынтымақтастық, жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылық тақырыбына бағытталған бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Нидерланд Сенатының Төрағасы Анки Брокерс-Кнолмен әңгіме барысында Қ.Жақыпов екі ел арасындағы осы салалардың өзекті мәселесіне шынайы ниет танытты. Анки Брокерс-Кнол Қазақстан мен Нидерланд арасындағы жоғары деңгейлі қатынастарға ризашылық білдіріп, екіжақты және көпжақты пішімдегі үнқатысуға әзір екендігін жеткізді. «Ынтымақтастық пен ниеттестік – біздің елдердің соңғы жиырма жылдағы ұстанымы болып табылады», – деді Анки Брокерс-Кнол. Нидерланд Парламенті Сенаты Спикерінің пікірінше, өзара байланыстың таяу болашақтағы бағыты демократия, экономика және аймақтық саясат болып табылады. Жаһандық қауіп­сіздік мәселелеріне де айрықша көңіл бөлінді. Сонымен бірге, Мәжіліс Төра­ғасы біздің Мемлекет басшысының саяси бағыты әлеуметтік ілгерілеу, жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау, басқа елдермен достық қатынасты өркендету болып отырғанын атап көрсетті. Қ.Жақыпов Нидерланд Корольдігі Қазақстанның 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне өтуге кандидатурасын қолдайды деген сенім білдірді. Экономикалық ынтымақ­тас­тықты нығайту тақырыбы Нидер­ландтың Экономикалық қаты­настар министрі Хенк Камппен жүздесу барысында да өріс алды. Тараптар екі ел арасындағы серік­тестік қатынастар деңгейін жоғары бағалады. Бүгінде Нидерланд Қа­зақ­стан инвесторлары арасында алғаш­қы орынға шығып, 2014 жыл­ғы екіжақты тауар айналымы 9 млрд. АҚШ доллары көлеміне жетті. Қабиболла Жақыповтың айтуынша, сауда-экономикалық жә­не инвестиция-технологиялық өза­ра байланысты ынталандыруға Қа­зақстан-Голландия Іскерлік кеңесі мүмкіндік жасайтын болады. Хенк Камп Қазақстанның даму қарқы­нын жоғары бағалай келіп, Мемле­кет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев­тың елдің өркендеуіне нақты бағыт беріп отырғанын атап өтті. Минис­тр­дің мәлімдеуінше, Нидерландтың эконо­микалық қатынастары Қазақстанның барлық аймақтарының экономикалық тұрақты дамуы үшін қажет. Өз кезегінде Қабиболла Жа­қы­пов Еуразиялық одақтың мүм­кін­дігін екі ел арасындағы мүдде­лерді жақын­дастыруға пайда­лануға болатынын мәлімдеді. Мәжіліс Төрағасы Қазақстан заңна­масындағы шетел инвесторлары­на жасалатын жеңілдіктерге де тоқ­талып өтті. Онда салықты оңтай­ландыру инвестициялық ахуалды жетілдіру бағытындағы заңдар жайында айтылды. Тараптар ынтымақтастықтың бола­шақ бағыты деп мұнай, энергетика және көлік пен коммуни­кация салаларын атады. Қ.Жақы­пов бүгінде қазақ­стандық парламент­шілер Қазақстан Президентінің бастамасымен қолға алынған бес институттық реформаның тиімді орындалуы үшін заңнамалық база әзірлеп жатқанын, оның біздің елге халықаралық тәжірибе үшін маңызы бар екенін, соның ішінде Нидерланд Корольдігі де бар екенін хабарлады. Хенк Камп Мәжіліс Спикерін өзінің жігерін Қазақстан-Нидер­ланд экономикалық қатынасын ны­ғай­туға жұмсайтынына сендірді. Сәулебек БІРЖАН.